10 февраля 2023 г. 14:04

Қоқысқа «көмілген» қала: Ақтөбеде сойылған мал қалдығы полигонға жетпей шашылып жатыр

Присоединяйтесь: обсуждайте, предлагайте, делитесь мнениями.
telegram Подписаться

Жергілікті әкімдік полициядан көмек сұрап жүр. Бүгінде айналаны күл-қоқыс босу мәселесіне жұртшылық қана емес, экологтар да дабыл қақты. Жергілікті билік екі жыл бұрын қолданысқа енген экологиялық талаптарды орындауға дайын емес.

Ақтөбеде қоқыс мәселесі ушығып тұр. Кез келген қоқыс түрін сұрыптау, қайта өңдеу мен экология талабына сай жою ісі кенжелеп қалған. Қоқыс өңдейтін зауыттар салу мәселесі жоба күйінде тұрғандықтан, шығарылған қалдықтар іріктелмей, жерге көміліп жатыр.   

Қоғам белсендісі Евгений Лазарчук өңірдегі экологиялық қауіпке жергілікті биліктің жайбырақаттығына қынжылып, қаланың жыларман жағдайын баяндады. 

«Қоқыс полигонының арты қоқысқа толы. Құс фабрикасы мен теплица қалдықтары және ірі қара малдың бастары белгілерімен бірге шашылып жатыр. Жауапты орындарға иесін табу қиын емес. Бұл қоқыстың сыртта шашылып жатқанын хабарлағанымызға біраз болды. Ешқандай шара қолданған жоқ. Ертең күн жылынғанда мұның иісі қаланы алып кетеді. Қоқыс мәселесінің күрделі жағдайға айналғаны биыл бірінші жыл емес, бірақ қолданылған шара мен бақылау мардымсыз», - дейді қоғам белсендісі Евгений Лазарчук. 

Жергілікті билік жағдайдан хабардар болып шықты. Заңсыздықтарға шара қолдану үшін мәліметтерді  полицияға жолдаған. 

Қордаланған қоқыс мәселесі

Экологиялық мәселе қоқыс полигонына жақын аудан тұрғындарын әбден титықтатып жіберген. Көпшілік күн жылынса бас аурудың жиілейтінін айтады. Жағдайды сұрап барғанымызда Шаңхай ауданындағы саяжай тұрғындары тіршілік қиындықтарын тізіп берді. 

«Осы жерде тұрғанымызға 22 жылға қарады. Үйімізде қарапайым ауыз су жоқ. Қоғамдық көлік мәселесі тағы бар. Жазда адам төзгісіз иіс болады. Неше жылдан бері айтып келеміз. Жағымсыз иіс зауыт жақтан да, полигон жақтан да келеді. Осы иістен астмамен, аллергиямен ауыратындар көбейді», - дейді АЗХС-1 саяжай аумағының тұрғыны Гүлжан Мұхтарова.

Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілі Жомарт Бақыткелдінің өзі бізбен бірге жүріп қоқыс полигонын аралады. Қалың қардан жаңа полигон маңына бару мүмкін болмады. Бірақ оның көктемде іске қосылатынын жеткізді.  

«Қалада қоқыс шығарумен айналысатын үш компания бар. Олар қиын жағдайда жұмыс істеп жүр. Бізде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін бекітілген тариф 180 теңгені құрайды. Бұл еліміз бойынша төмен тарифтердің бірі. Десек те тұрғындар үйдегі адам санын нақты көрсетпей, жасырып қалады. Бұл жұмысты тұралатады. Қазіргі уақытта қоқыс шығаратын компанияларда басқа қаржыландыру көздері жоқ. Сондықтан тариф мәселесі қайта қаралып жатыр», - дейді Жомарт Бақыткелді.

Қазір қала қоқысы аузы-мұрнынан шығып тұрған ескі полигонға әкелініп жатыр. Мұнда кіргізілетін қоқыс үшін тоннасына 1926 теңге төленеді. Бірақ көпшіліктің мұны да көпсінетіні байқалады. Себебі полигон айналасы заңсыз төгілген қоқысқа толы. Кейбірі көктемде тегін қоқыс қабылданатын екі айлық сенбілікті күтеді. 

Қазір жаңа Экологиялық кодекс талаптардың бірі - қоқысты бөлек жинау. Ол кемі екі фракция болу керек: «құрғақ» (қағаз, әйнек пластик, металл) және «дымқыл» «тамақ органикалық заттар). 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енген заң талаптарын орындауға біз әлі да дайын емеспіз. 

«Полигон Экологиялық кодекс талаптарына сәйкес емес. Қауіпті қалдықтар сұрыпталмайды. Барлық талапты орындауға Қазақстан бойынша дайын болған жоқпыз. Жергілікті атқарушы органдар оған енді келе жатыр. Қаржы тапшылығы бар. Контейнерлер жеткіліксіз. Жаңа полигонның да сұрыптау мүмкіндігі аз. Сұрыптау қондырғысын қойғанымен, ол жұмыс істеп тұр деп айта алмаймыз. Әрі қарай қоқыс өңдейтін компаниялар жоқ», - дейді облыстағы экологиялық инспекторы Гүлжайнар Абдрахманова.

Облыста коммуналдық қалдықтарға арналған 5 полигон бар: Ақтөбе, Алға, Шалқар, Хромтау, Кеңқияқ. Қалған жерлерде жобалық сметалық құжаттар жасалып жатыр немесе әлі де дайын емес. 

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе

Теги:
Автор статьи
Adminoveco
Похожие новости